Понедельник, 29.04.2024, 14:35
Приветствую Вас Қонақ
Главная » 2009 » Март » 8 » Теңгенің девальвациясы: пайдасы мен зияны

Теңгенің девальвациясы: пайдасы мен зияны

автор: Қонақ | 29.04.2024, 14:35 | Просмотров: 2467 | Категория: Қазақстан

«Экономикалық зерттеу институты» АҚ-ы Экономикалық және қаржы күйзелісін алдын-ала анықтау орталығының директоры Сара Нұрбекқызы Алпысбаеваның мақаласын оқырмандар назарына ұсынамыз.

ҚазАқпарат – Ұлттық экономиканы әлемдік дағдарыстан қорғау үшін, отандық өндірушілерді қорғау және дағдарыстан шығу кезеңдерінде Қазақстан экономикасының тез арада аяқтан тұрып кетуіне жағдай туғызу үшін жүргізіліп жатқан шара - теңгенің девальвациялануы, еліміздегі отандық сарапшылар қауымдастығы тарапынан қызу қолдауға ие болып отыр. 

Әлемдік дағдарыстың ұлттық экономикамызға тигізіп отырған жағымсыз әсерінің ең бастысы, әлем бойынша валюталардың девальвациялануы болды. Исландия, ОАР, Бразилия, Польша, Венгрия, Түркия, Оңтүстік Корея мемлекеттері қара тізімнің көш басшылары. Бұл үрдіс ТМД елдерін де айналып өтпеді. 2008 жылғы шілдеден бастап бүгінгі күнге дейін ресей рублі-39%-ға, украин гривнасы – 50 %-ға девальвацияланса, Беларус рублі бір-ақ күнде 20%-ға құнсызданды.
Қазақстанда өндірілген тауарларға сұраныс беріп отырған бірқатар елдер мен Ресейге тауар экспорттауға бәсеке қабілеттігінің төмендеп кету қаупі туындады. Мұндай жағдайда ұлттық теңге бағамын ұзақ уақыт бойы қолдан ұстап отыру алтын қорының көлемін төмендетіп жіберер еді.  
Сөз жоқ, нарықтық экономика кезінде Үкімет қолданған кез келген шаралардың тиімді де тиімсіз жақтары болуы мүмкін, ал осындай жағдайда экономиканы дұрыс жолға қою өте күрделі мәселе болып табылады. Соңғы айларда, шығаратын өнімдерінің бәсекелестік қабілеттігі төмендеп кеткен қазақстандық ірі экспортшылардың жағдайлары қиындап кетті. Бірқатар кәсіпорындар жарты күндік жұмыс жүйесіне көшті немесе өнім өндіруді толық тоқтатты.  
Мұндай жағдайда сөз жоқ, девальвация экспортерлер үшін сауда-саттық жасау жағдайларын жақсарта түседі. Десе де, дамушы қатардағы елдердің тауар экспорттау көлемі көбінесе, тауар-шикізат рыногындағы әлемдік баға деңгейінің ауытқуына тәуелді болады. 
Экспортқа қарағанда, импорт валюта бағамына тікелей әсер етеді, девальвация импорттық өнімнің қымбаттауына, оның көлемінің қысқаруына және де ішкі өндірістік тауарларға сұраныстың арта түсуіне әкеледі. Мұндай көріністі, дағдарысты бастан өткерген көптеген елдерден байқауға болады. Девальвацияның жоғары қарқынға ие болуы импорттың күрт құлдырауына әкеледі.  
Теңгенің девальвациялануы сыртқы қарызы бастан асып отырған банк секторы үшін, айтарлықтай кері әсер ететінін де ұмытпаған абзал. Дегенмен, девальвацияны жария етуден санаулы күндер бұрын жүйе қалыптастырушы банктерді қайта қаржыландыру және қаржы жүйесінің тұрақтылығын күшейту жөніндегі ҚР Үкіметі қабылдаған шаралар, жоғарыда аталған тәуекелді төмендетеді деп ойлаймын. 
Теңгені девальвациялануының ең басты пайдалы жағы мемлекеттік валютаның алтын қорының сақталуы – еліміздің бұдан арғы даму әлеуеті мен тұрақтылығының кепілі болып табылады. 
Шет ел валютасына сұраныс күшейген жағдайда, ұлттық теңге бағамының тұрақтылығын қолдан ұстап отыру Ұлттық Банктен интервенциялауды және теңгенің алтын қорын қысқартуды талап еткен болар еді. Ресейдің алтын-валюта қоры 2008 жылғы қаңтардың 8-дегі өзінің ең жоғары тіркелген 589 млрд. АҚШ доллары деңгейінен 2008 жылдың соңына қарай 28,6%-ға (171 млрд.долл.) дейін кеміп кеткен. 
Қазақстандағы жағдай басқаша, 2008 жылы алтын-валюта қоры 21%-ға артты. Қаңтар айындағы 0,6 млрд. АҚШ долларына құлдыру қалыпты ай сайынғы 3-5%-дық тербеліс көрсеткішін құрайды.  
Алтын валюта қоры көлемін кемітуді ұзаққа соза беруге болмайды, өйткені, Қазақстанның қосалқы қоры жеткілікті. Егер, алтын валюта қорының классикалық белдемі импорттың 3 айлық көрсеткішін жабуға тиісті болса, Қазақстандағы жағдай бөлекше, мұндағы алтын-валюта қоры мүмкіндігі бұдан да ұзақ мерзімді жабуды қамтамасыз ете алады.

Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *:
Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0